
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаманы тыңдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сыздықбеков 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттің жалпы өңірлік өнімінің көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, 11%-ға өскенін баяндады. Осы көрсеткіш бойынша қала Қазақстан өңірлері арасында екінші орынды иеленді.
Оның айтуынша, былтыр Шымкент экономикасына 859,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 72%-ы жеке қаржы үлесіне тиесілі. Инвестицияның өсімі 7,5%-ды құрады.
Сондай-ақ, соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында жалпы құны 170 млрд теңге болатын 50 жоба жүзеге асырылған. Осының арқасында 3,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 133 мыңға жетті, ал олар өндірген өнім көлемі 4,7 трлн теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы кәсіпкерліктің үлесі 41%-дан 56%-ға дейін өсті.
Ақордада 2026 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша қалада негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталғаны атап өтілді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4%-ға өсті. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында өсім тіркелді.
Қазір Шымкентте 200 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін 150 орынға арналған оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада сыйымдылығы 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион және паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччамен айналысуға арналған мамандандырылған спорт кешені салынуда.
Кездесу қорытындысы бойынша президент Шымкентті одан әрі дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте кезекте тұрған 100 отбасыға жаңа пәтер берілгенін жазған едік.