
Осы айдың басты саяси оқиғасы – отыз жылға жуық тарихы бар «Аманат» партиясының құрылғанына ай да толмаған «Әділет» партиясына қосылуы. Осыған орай ұзақ жыл елдегі ең басты саяси күшке айналған ұйымның тарихына көз жүгіртіп көрдік.
«Аманат» партиясының тарихы 1999 жылғы президент сайлауымен байланысты. Сол кездегі президент Назарбаевтың мерзімі 2000 жылы бірінші желтоқсанда бітуі керек еді. Сайлау 1999 жылғы қаңтарға белгіленген. Басты үміткер Нұрсұлтан Назарбаев өзіне штаб құрған. Ол «Президентке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы» деп аталып, қоғамдық қозғалыс ретінде тіркелді.
10 қаңтарда сайлау өтіп, Назарбаев 79% басымдықпен жеңеді. Он күннен кейін штабының атауын «Отан» саяси партиясы етіп өзгертті. 12 ақпанда жаңа партия ресми түрде тіркелді. Бір айдан кейін алғашқы съезі өтті. Сол жиында бірауыздан партия төрағасы болып Назарбаев бекітілді.
«Отаннан» «Нұр Отанға»
Партия алты жылдай «Отан» деген атаумен қызмет етті. 2006 жылы 22 желтоқсанда партияның кезекті жиыны өтті. Сол съезде партия төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов партия атауын «Нұр Отан» деп өзгертуді ұсынды.
«Әлемдік тәжірибе партия атауы екі бөлімнен тұруы қалыпты тәжірибе. Бірінші бөлімі партияның саяси ұстанымын, екіншісі партия символын білдіреді», – деген еді ол жиында.
Жұмағұловтың ұсынысымен, партия мүшелерінің бірауыздан қолдауымен «Нұр Отан» деп өзгерді. Бақытжан Жұмағұлов 2005 жылғы сайлауда Назарбаев штабын басқарған еді. Ал сайлаудан кейін ҚазҰУ ректоры, білім және ғылым министрі атанды.
Жаңа «Нұр Отанның» құрамында да өзгеріс болды. Сайлаудан кейін Назарбаевтың «бәсекелесі» болған Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы «Нұр Отанға» қосылды. Бірнеше айда кейін 2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен кезектен тыс Х-съезде Азаматтық және Аграрлық партиялардың «НұрОтан» РСП қатарына қосылуы туралы шешім қабылданды.

«НұрОтан» 2006 жылдан 2022 жылға дейін биліктегі басты партия болды. Бас төрағасы да өзгерген жоқ. Тек 2019 жылы ғана партияның 2030 жылға бағытталған бағдарламасы қабылданды. Сол кезде партия жазылуы кириллицадан латын қарпіне өзгертілді, партия саяси кеңесінің құрамы жаңартылды. Яғни «Нұр Отан» деп емес Nur Otan деп жазыла бастады.
2019 жылы Н.Назарбаев өз еркімен президенттіктен бас тартқаны мәлім. Бірақ партия төрағасы қызметін тастаған жоқ. Үш жылға жуық экс-президент партия арқылы Ақордада қабылданған саяси шешімдерге ықпал етті.
2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы елдің саяси өміріне түбегейлі әсер еткенін айту керек. Сол жылы қаңтарда Назарбаев партия төрағасы ел басқарып отырған президент болуы керек екенін айтып, басшылықты Тоқаевқа берді. Ал партия төрағасының орынбасары, танымал саясаткерлер қатарында болған Бауыржан Байбек отставкаға кетті.
Жаңа тарау
2022 жылы бірінші наурызда партияның атауы Amanat болып өзгертілді. Бір айдан кейін парламент сайлауына қатысқан 300 мың мүшесі бар Adal партиясы «Аманатпен» бірігетінін мәлімдеді. Адалдықтар Тоқаевтың саяси-әлеуметтік реформаларына қолдау беру керек дегенді айтты. Ел ішінде шиеленістер болған кезде саяси күштер шашылмай бір жерге шоғырлануы керек деп түсіндірді олар өз әрекетін.
Бірақ Тоқаев төрағалықты тастап, оның орнына партия басшысы ретінде мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бекітілді.
27 жыл билікте болып, бірнеше партияны құрамына қосқан «Аманат» өткен аптада өзге партияның құрамына кіретінін жариялады. Партия төрағасы Ерлан Қошанов мұны «күш біріктіру» деп түсіндірді. Екі партия араға екі күн салып съезд өткізіп, бірігу туралы шешім қабылдады. Қызығы, заңды құжаттарға қол қойылмай жатып партия атауын өзгерту рәсімін бастап кетті.