Жаңалықтар

Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге бөлінді

Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге бөлінген
Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге бөлінген/ фото: АШМ

2026 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржының басым бөлігі сүтті және етті ірі қара шаруашылығын, құс шаруашылығын және қой шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 1 мамырдағы жағдай бойынша 48,9 млрд теңге игеріліп, жалпы қаржыландыру көлемінің 41,6%-ын құрады.

Мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді

2026 жылғы алғашқы төрт айында мал шаруашылығының жалпы өнімі 1 трлн 158 млрд теңгеден асты. Нақты көлем индексі 103,5%-ды құрап, саланың тұрақты қарқынды дамуын дәлелдеді.

Жыл басынан бері барлық санаттағы ет өндірісі 338,2 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Оның ішінде 126,7 мың тонна құс еті, 112,9 мың тонна сиыр еті, 41,2 мың тонна жылқы еті, 34,7 мың тонна қой еті және 16,9 мың тонна шошқа еті өндірілді.

Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да арта түсті. Бүгінгі таңда ірі қара мал саны 9,7 млн бастан асты, ұсақ мал саны – 25,7 млн бас, жылқы саны – 5,1 млн бас, құс саны 48,2 млн басқа жетті.

Құс шаруашылығы алдыңғы шепте

Саланың дамуына серпін беріп отырған негізгі бағыттардың бірі – құс шаруашылығы. Елде 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы азық-түлік жұмыртқасын өндірумен айналысады. Жылдық қуаты 4,5 млрд жұмыртқа деп есептелген.  

Бұл Қазақстанның ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту мақсатында Ақтөбе облысында жергілікті құс фабрикасының қуатын жылына 180 млн жұмыртқаға дейін ұлғайту жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Болашаққа бағдар

2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру саланы дамытуға қосымша серпін бермек. Фермерлер үшін асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жылдық 6%-дық мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие өнімдері іске қосылды. 

2030 жылға қарай Қазақстандағы ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ мал саны 28 млн басқа жетіп, ет өнімдерінің экспорты 2,5 есеге артуы күтіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстанда ірі қараның арасында аса қауіпті аурулардың тіркелмегенін айтты.