
Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі шенеуніктер мен ықпалды байлардан 2022 жылдан бері 99,8 млрд теңгенің 269 активі мемлекетке қайтарылған. Соның ішінде 1 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары ел мүлкіне айналды.
Ескі Қазақстанда қайтарылған байлық туралы мәліметті Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (KUVA) бас директорының орынбасары Кәрім Шұғаев Астанада өткен жиында келтірді. Дөңгелек үстел отырысында қайтарылған активтерді басқару жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланған.
KUVA 2023 қылғы қыркүйекте құрылған. Содан бірнеше ай бұрын президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» арнайы заңға қол қойған. Олигополия өкілдерінен заңсыз активтерді қайтару процесі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін басталған.
Шұғаевтың дерегінше, компания құрылған үш жылға жуық уақыттың ішінде 182 актив 51,7 млрд теңгеге сатылған. Бұл ретте топ-менеджер сатыпған активтердің өз құны 47 млрд теңгеге бағаланғанын, аукционда одан қымбатқа өткенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, қайтарылған активтер E-Qazyna электрондық сауда алаңында сатылып жүр. Қазір KUVA 36 зергерлік бұйымды аукционға шығарып жүр. Олардың арасында 158,1 млн теңге тұратын De Beers гауһар сырғасы, 214,4 млн теңгенің сағаты бар. Компания бағалы әшекейлердің бұрынғы иелері туралы мәлімет жарияламайды.