
Петропавлда бесінші қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған екі кішкентай бала отбасынан алынды, деп хабарлайды HALYQSTAN Telegram-арнасы.
Оқиға 15 маусымда қала орталығындағы бес қабатты үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әкесі үйде ұйықтап жатқан, ал анасы балаларға пицца алуға кеткен. Арнаның хабарлауынша, ата-ананың екеуі де мас күйінде болған. Осы уақытта үш жасар ұл мен төрт жасар қыз терезе алдына шығып кеткен.
Сағат 21:00 шамасында балаларды СҚО ПД процессингтік орталығының қызметкері Ержан Тамышев байқаған. Ол досынан 102 арнасына қоңырау шалуды және сәбилердің назарын аударуды сұрап, өзі подъезге жүгірген.
Белгілі болғандай, пәтер іштен құлыпталмаған. Полиция қызметкеріне есікті мас әкесі ашқан. Арнаның мәліметінше, отбасы Жезқазғаннан келіп, Петропавлда пәтер жалдап тұрған. Бұған дейін ата-аналар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Полиция қызметкерлері материал жинады. Бүгін біз ата-аналарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қарастырамыз, содан кейін материалды сотқа жолдап, ата-ана құқығын шектеу немесе айыру бойынша шаралар қабылданады», — деді СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Балалар отбасынан алынды. Қорғаншылық органдары оларды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Айта кетейік, елде жыл басынан бері 44 бала терезеден құлап, оның төртеуі көз жұмды.