Авто

Қазақстандықтар қандай көлік сатып алып жатыр: ТОП-10 модель

Фото: kursiv.media, Дина Карамчакова

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында ресми дилерлер 84 мың жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 85,5 мың автокөлікпен салыстырғанда сәл төмен көрсеткіш. Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) мәліметінше, нарық жалпы алғанда былтырғы деңгейге жақын сақталып отыр, алайда мамыр айында сатылым көлемі төмендеген.

Сауда бәсеңдеді

2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 18,4 мың жаңа автокөлік сатылған. Бұл өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 5,3 пайызға аз.

Сонымен қатар ҚАО өкілдері сәуір айындағы белсенді өсімнен кейін автонарықтың біршама тұрақталғанын атап өтті. Тұтынушылардың қызығушылығына әртүрлі сегменттердегі модельдердің кең таңдауы мен дилерлердің арнайы ұсыныстары оң әсер етуде.

Hyundai қайтадан көш бастады

Брендтер бойынша мамыр айында бірінші орынды Hyundai иеленді – 2 899 автокөлік сатқан. Бұл 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда 27,4%-ға аз.

Одан кейінгі орындарға:

  • Chevrolet – 2 339 автокөлік (-0,2%);
  • Changan – 1 793 автокөлік (+17,5%);
  • Kia – 1 505 автокөлік (-24,9%);
  • Chery – 1 501 автокөлік (+9,8%) орналасты.

Сондай-ақ үздік ондық қатарына Haval, JAC, Jetour, Toyota және Geely маркалары кірді.

Cobalt көшбасшылығын сақтап қалды

Модельдер рейтингі бойынша бірінші орында Chevrolet Cobalt тұр – 2 238 седан сатылған.

Одан кейінгі орындарға:

  • Hyundai Tucson – 1 564 автокөлік;
  • Changan CS55 Plus – 637 автокөлік;
  • Changan CS35 Max – 637 автокөлік;
  • Haval M6 – 565 автокөлік орналасты.

Сондай-ақ үздік ондыққа Chery Tiggo 2 Pro, JAC S3 Pro, Haval Jolion, Toyota Camry және Jetour X70 модельдері енді.

Фото: ҚАО

Бес айдың қорытындысы

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша көш басында Chevrolet қалды – 14 469 автокөлік сатылды (+30,6%).

Одан кейінгі орындарға:

  • Hyundai – 14 213 автокөлік (-29,1%);
  • Kia – 10 910 автокөлік (+19,7%);
  • Changan – 6 906 автокөлік (+79,5%);
  • Chery – 6 147 автокөлік (+4,2%);
  • Haval – 5 053 автокөлік (+6%) орналасты.

Сонымен қатар Geely және бірқатар басқа брендтер сатылым көлемінің төмендегенін көрсетті.

Брендтер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді

Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) президенті Анар Макашева брендтер арасындағы бәсекелестіктің артуы көлік таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, сервистік қызметтің дамуына әсер етіп жатқанын атап өтті.

«Әсіресе, өндірісі қазақстандық кәсіпорындарда жолға қойылған қытайлық брендтердің өсімі айқын байқалады. Бұл сатып алушылардың отандық кәсіпорындарға сенім артатынын көрсетеді», – деді Макашева.

Сондай-ақ мамандар автокөлікті «сұр» нарықтан сатып алуда абай болуға шақырды.

«Қазақстанда бейресми импорттаушылардың алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың құқық қорғау органдарына жүгіну жағдайлары көбейіп келеді. Автокөлікті ресми дилерлерден, кепілдігі бар автосалондардан сатып алуға кеңес береміз», – деп атап өтті ҚАО басшысы.

Айта кетейік, көлік арзандаған соң қазақстандықтардың автонесиеге қызығушылығы төмендеді. Автонесиеге берілген өтінімдер саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға қысқарған. Дегенмен өтінімдердің орташа көлемі 12%-ға өсіп, 7,2 млн теңгеге жеткен.