
Қазақтың біртуар ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы деректі көркем фильмге тағы кімдер түсетіні мәлім болды. Продюсер Майя Бекбаева жобаға шақырылған бірнеше актердің есімін жариялады.
Фильмге түсіп жатқандар арасында танымал актер Төлепберген Байсақалов та бар. Ол Шоқанның Қашқарияға сапарлауына көмектескен керуенбасы Мұсабай Қасымов рөлін сомдайды.

Шоқанның досы, атақы жазушы Федор Достоевский рөліне Евгений Карачаров түскен. Деректі фильмде Уәлихановтың Омбы кадет корпусында оқып жүрген сәті де бейнеленеді. Оны ғылымға баулығандардың бірі, ұстазы Николай Костылецкий рөліне Илья Соболев бекітілген. Ол орыс әдебиеті пәнінен сабақ берген. Айта кетейік, Костылецкий Абайдың інісі Халиолла Өскенбаевты да оқытқан.

Батыс Сібір генерал-губернаторы Густав Гасфорт 1855 жылы бар болғаны 20 жастағы Шоқанды Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатай аймақтарын қамтыған үлкен сапарға өзімен бірге алып шыққан. Оны Қашқарияға жіберуге де дәл осы адамның ықпалы тиді. Деректі фильмде орыс шенеунігінің рөлін Денис Цветков сомдайды. Ол Станиславский атындағы Қарағанды театрында істейді.
Фильмде генерал-майор, әскери қолбасшы Михаил Черняевке де орын берілген. Черняевпен арадағы кикілжің Шоқанның әскери қызметтен біржола қол үзуіне себеп болғаны мәлім. Қолбасшы рөлін деректі туындыда Денис Анников сомдайды.
Қазір Уәлиханов туралы фильм Астана іргесіндегі ауылда түсіріп жатыр. Бұған дейін түсіру тобы Өзбекстанда болған. Көрші елдегі Бұхара қаласында ғалымның Қашқарияға сапары түсірілген.
Бұған дейін Kursiv.Media деректі фильмде Шоқан рөліне 28 жастағы актер Ерлан Құлмурзин бекітілгені туралы жазған. Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа сынды танымал әртістер де жобаға шақыртылған.
Алайда әлеуметтік желілерде басты рөлге бекітілген актер төңірегінде қызу пікір-талас жүріп жатыр. Көпшілігі Құлмурзинді ғалымға ұқсата алмаса, тағы бір белсенді оны «Шоқанның атқосшысына» теңеген. Соған байланысты продюсер Бекбаева дәл осы актерді не себепті таңдағанын түсіндіруге мәжбүр болған.