Жаңалықтар

Ауыр халдегі қыз бала тікұшақпен Павлодардан Астанаға шұғыл жеткізілді

Ауыр халдегі қыз бала тікұшақпен Павлодардан Астанаға шұғыл жеткізілді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«Қазавиақұтқару» тікұшағы жас пациентті Павлодардан Астанаға тасымалдады. Жасөспірімнің өмірі үшін күрескен жансақтау бөлімінің дәрігерлері қыз балаға елордалық клиникада мамандандырылған медициналық көмек шұғыл қажет екенін хабарлады.

Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалады.

«Пациентке жүйелі аутоиммундық ауру аясында бүйрек жеткіліксіздігімен асқынған бүйректің жедел зақымдануы диагнозы қойылды. Жағдайының ауырлығына байланысты мамандандырылған медициналық көмекті одан әрі көрсету үшін санитариялық авиациямен республикалық клиникаға тасымалдау ұйымдастырылды», – деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.

ТЖМ хабарлағандай, әуе кемесінің экипажы Астана-Павлодар-Астана бағыты бойынша шұғыл ұшып шықты.

«Ұшу барысында санитариялық авиацияның медициналық бригадасы 2009 жылы туған пациенттің жағдайын үздіксіз бақылауда ұстады», – деп атап өтті ведомстводан.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысындағы күрделі құтқару операциясы туралы жазған едік. Онда аудан орталығынан 275 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдан жас ана мен оның жаңа туған сәбиіне көмек көрсетілген еді.