
Атырау облысында қайтыс болған төрт адамның сүйегіне жүргізілген сот-медициналық сараптама қорытындысы жарияланды. Соған сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі мәйітті қазып алу кезінде денесінен бөлініп қалған болуы мүмкін екені айтылды.
Атырауда қайын жұртындағы төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушының адвокаты сарапшыдан «6-8 ай ішінде адамның бас сүйегі денесінен өз бетінше ажырауы мүмкін бе?» деп сұрады.
Бұған дейін сотта көрсетілген видеоларда марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлініп қалған.
Сарапшының айтуынша, марқұмның бас сүйегі өз бетінше ажырауы мүмкін. Ол сүйек көмілген топыраққа да тікелей байланысты.
«Мәйіттің қай жерден табылғанына, топыраққа, сүйектің шіруіне де байланысты. Наурыз Мұқанғалиевтің мәйітін қазып алып шыққан кезде денесінде бұлшық ет болмаған, бас сүйегі сол кезде де үзіліп кетуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Мейрамгүлді 27 рет пышақтаған
Сараптамаға сәйкес, Мейрамгүл Қарабалинаның денесінен 32 жарақат анықталған. Алайда бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев мұны жоққа шығарып, 32 рет пышақ сұқпағанын мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, сот-медициналық сараптамада бір соққы екі жарақат деп есептелген жағдайлар бар. Маман сотталушы 32 рет пышақ сұқпағанын айтты.
«5 соққы 10 жарақат деп есептелген. Қалған жарақатта мұндай жоқ. Демек, 27 соққы жасалған», – дейді сарапшы.
Қылмыстық іс
Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпқа келіспеді. Сөзінше, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барған. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты.
Сондай-ақ қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтағанын, осылайша екеуін қасақана өлтіргенін мойындады.
