
Сотталған блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында жарияланды.
Порталда Hyundai Elantra маркалы автокөлікті сату туралы сегіз хабарландыру орналастырылған. Барлық көлік 2025 жылы шыққан. Сот шешімі бойынша көліктер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген болатын.
Сегіз автомобильдің барлығы Жанабыловтың сотталған әйелі Эльмира Төлегеновға тиесілі «Zhana Business» ЖШС-не тіркелген. Тәркіленген көлік Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.
Порталда көліктердің бастапқы бағасы көрсетілмеген. Әр машинаның бағалау құны 8 395 000 теңгені құрайды.
Өтінімді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін органдар ғана бере алады. Демек, жеке тұлғалар сауда-саттыққа қатыса алмайды.
Сонымен қатар объектілердің сипаттамасында мүлік мемлекеттік заңды тұлғаларға олардың балансына беру үшін ұсынылмайтыны көрсетілген.
Көліктер Астана қаласындағы қалалық жүк тасымалын жүзеге асыратын компанияның аумағында тұр.
Жанабыловтерге қандай үкім шықты?
Айта кетейік, 27 сәуірде заңсыз лоторея ұйымдастырды деген айыппен ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова сотталған.
Жанабылов мүлкі тәркіленіп, екі жылға шартты түрде сотталды. Ал Эльмира Төлегенованың мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ мемлекет пайдасына 8 автокөлік тәркіленді.