Жаңалықтар

Алматы мен Дубай арасында жүк тасымалдайтын ұшақтар ұша бастады

Фото: skycargo.com

Emirates SkyCargo Дубай мен Алматы арасында апта сайын жүк тасымалдайтын рейстерді іске қосты.

Дубай – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейс Boeing 777F жүк ұшағымен орындалды. Алматы халықаралық әуежайында ұшақты дәстүрлі су шашу рәсімімен қарсы алды.

Рейстер әр сейсенбі сайын орындалады. Жаңа бағыт аптасына 100 тоннадан астам жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.

Алматы мен Дубай арқылы электроника, тез бұзылатын өнімдер, өнеркәсіптік жабдықтар және тұтыну тауарларын тасымалдау жоспарланып отыр. Жүктер Emirates компаниясының Дубайдағы логистикалық хабы арқылы халықаралық нарықтарға шығарылады.

Алматы Emirates SkyCargo компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы бағытына айналды. Компания өкілдері қаланың өңірдегі дамып келе жатқан сауда және логистика орталығы екенін атап өтті.

Жаңа бағыт қазақстандық экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейтіп, халықаралық сауданы дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ Қазақстанның Таяу Шығыс және әлемнің басқа да өңірлерімен көлік-логистикалық байланысын нығайтады.

Бұған дейін Emirates SkyCargo әлемдік жүк тасымалына сұраныстың артуына байланысты әуе желісін кеңейтіп жатқанын хабарлаған. Компания сонымен қатар Boeing 777F жүк ұшақтарының санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Еске салсақ, Air Astana әуекомпаниясы Дубайға тұрақты рейстерін қайта бастайды. Компанияның мәліметінше, Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстер 20 маусымнан, ал Астана – Дубай – Астана бағыты 10 шілдеден басталады.