
Қоғам белсендісі Марина Рузматова «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің әректіне қатысты сыни пікірін білдірді. Қасенов бұған дейін бұлтартпау шарасы қатаңдатылғаннан соң аштық жариялаған.
Рузматова журналистің денсаулық жағдайының нашарлағаны туралы мәлімдемелерінің шынайылығына күмән келтіріп, оның бұрынғы жұбайы Роза Есенқұлованың тарапынан айтылған өкпе-ренішті еске салды.

Қоғам белсендісі Қасенов өз жақындары мен мемлекеттік органдарды адастырып келген деп мәлімдеді. Ол Есенқұлованың отбасылық зорлық-зомбылық туралы айтқандарына сүйеніп, журналистің көп жылдар бойы төмен табысын көрсетіп, ең төменгі мөлшерде алимент төлеп келгенін алға тартты.
Бұдан бөлек, қоғам белсендісі ақпарат агенттігінің қызметкерлеріне ресми емес (конверттегі) жалақы төленуі мүмкін деген мәселені қайта көтерді.
«Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) қашан «ҚазТАГ»-ты, тіпті оның бүкіл жұмыс орындарын тексереді? Өйткені, кем дегенде «КазТАГ»-тан қызметкерлердің жалақыны конвертпен алатыны туралы ақпарат шығып кеткен еді ғой?» – деп жазды Рузматова.
Сондай-ақ, Роза Есенқұлова Марина Рузматованың бұл жазбасын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, құзырлы органдардан түсініктеме күтетінін жеткізді.
Қоғам белсендісі ірі ақпарат агенттігінің бас редакторы 85 мың теңге көлеміндегі ресми жалақымен отбасын асырай алады дегенге күмән келтірді.
Рузматова Қасеновтің аштық жариялауына жеке тоқталып өтті. Оның пікірінше, журналистің жағдайы ауыр деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Бұған желіде жарияланған журналистің су ішіп отырған фотосуреттері себеп болған.

Ресми органдардың мәліметі қандай
Бұл ретте ресми мәлімет Қасеновтің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтады. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 19 маусымда хабарлағандай, дәрігерлер оған кешенді тексеру жүргізген, ал сараптама нәтижесі рұқсат етілген норма шегінде болған.
Пациент ауруханаға жатқызуды қажет етпеген, инфузиялық терапиядан кейін оның денсаулығы жақсарып, амбулаторлық емделуге жіберілген.
Дүйсенбі, 15 маусымда Әмір Қасенов өзіне қатысты бұлтартпау шарасы «үйқамақтан» «күзетпен ұстауға» ауыстырылғанын біліп, аштық жариялаған болатын.
Оның алдында ғана Әмір Қасеновтің бұрынғы әйелі, журналист Роза Есенқұлова отбасылық зорлық-зомбылық, ажырасу себептері және бұрынғы күйеуінің табысының ашық еместігі туралы айтып берген.
«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы сот ісі
15 маусымда Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «КазТАГ» агенттігінің «Фридом Финанс» компаниясының қызметі туралы жарияланымдарына байланысты қылмыстық істі қарау басталды
2025 жылы «КазТАГ» агенттігі «Фридом Финанс» пен оның негізін қалаушы Тимур Турловтың қызметі туралы 250-ден астам материал жариялаған.
Бұл материалдарда алаяқтық, қаржы пирамидасы және клиенттердің қаражатын сыртқа шығару туралы тұжырымдар қамтылған. Жарияланымдарға негізгі себептердің бірі ретінде компания клиенттерінің, соның ішінде бұрынғы қызметкер Темірлан Бековті ақша жымқырды деп айыптаған зейнеткер Қарлығаш Қапарованың арыз-шағымдары алынған. Кейінірек Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Бековке қатысты қылмыстық істі құрамында қылмыс белгілерінің болмауына байланысты тоқтатқан.
Тергеу анықтағандай, клиент Бековтің жұмыстан шығып кеткенін біле тұра, өзінің есептік мәліметтерін (логин-пароліне)оған ерікті түрде берген. Сондай-ақ, олардың арасында тапқан пайданың 20%-ын төлеу туралы өзара келісім болғаны белгілі болды, бұл брокердің ішкі ережелеріне қайшы келеді. Оған қоса, жасалған мәмілелерді клиенттің өзі SMS-кодтар арқылы растап отырған.
«Фридом Финанс» компаниясы бұл жарияланымдардың пайда болуын компанияның дауды соттан тыс реттеуден бас тартуынан кейін туындаған жанжалмен байланыстырды. 2026 жылдың ақпанында Алматы қаласының Медеу аудандық соты брокердің іскерлік беделін қорғау туралы талап арызын қанағаттандырып, «КазТАГ» агенттігіне шындыққа жанаспайды деп танылған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді.
2025 жылдың желтоқсанында «КазТАГ» бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікті деп танылды. Кейінірек Қасенов Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өзіне психологиялық қысым жасалып, азапталғанын мәлімдеді, алайда құқық қорғау органдары тергеу әрекеттері заңнамаға сәйкес жүргізілгенін хабарлады.