
Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді (КПТҮ) жөндеуге 20,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлады премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттық сауалға берген жауабында.
22 мамырда Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров палата отырысы барысында үкіметті кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу үшін қалалар мен облыстардың бюджеттерін кредиттеуді қайта бастауға шақырған.
Бозымбаевтың айтуынша, министрлер кабинеті депутаттардың ұсынысын қолдады. 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде үкімет бұған дейін белгіленген қаржыландыру лимитінен тыс қаражат бөлу мәселесін қарастырады. 368 үйді күрделі жөндеуден өткізуге, оның ішінде 198 лифтіні ауыстыруға қосымша 20,7 млрд теңге бөлінеді.
«КПТҮ-нің тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік тұрғын үй саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Күрделі жөндеуді уақтылы жүргізу үйлердің пайдалану мерзімін ұзартуға, азаматтардың тұру қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бозымбаев.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін республикалық бюджеттен 521 көппәтерлі үйді күрделі жөндеуге 27,2 млрд теңге бөлінді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар 4 бөлмелі пәтерді сирек сатып ала бастағанын жазған едік.