
Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» стипендиясын, сондай-ақ, әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша гранттарды иеленген қазақстандықтардың есімдері көрсетілген тізімдерді жариялады.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 184 адам халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды:
- 137 адам магистратура бағдарламалары бойынша білім алады;
- 10 адам – докторантура бағдарламалары бойынша;
- 37 адам – кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Сондай-ақ, 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
«Комиссия отырысында «Болашақ» бағдарламасы аясында «бакалавр» дәрежесін алуға үміткерлер үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының және халықаралық орындаушылар конкурстарының тізбесі толықтырылды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін «Болашақ» стипендианттарының шәкіртақысы 10-15%-ға көтерілуі мүмкін екені айтылды.