Жаңалықтар

Тоқаев Брюссельде ЕО лидерлерімен келіссөздер жүргізді

Тоқаев Брюссельде ЕО лидерлерімен келіссөздер жүргізді / Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастар екіжақты ынтымақтастықтың бүкіл тарихындағы ең жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге айқын мақсатпен келдім: өзара мүдделілік тудыратын барлық салалардағы көпжақты ынтымақтастығымызды тереңдету. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісімдер мен меморандумдар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген бейілділігіміздің айқын дәлелі болып табылады. Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы қазақ-еуропалық өзара іс-қимылының жаңа парағын ашатынына сенімдімін», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан мен ЕО арасында жоғары деңгейдегі жүйелі саяси диалог жолға қойылғанын баса айтты. Ол сондай-ақ Қазақстан өңірде бірінші болып Еуроодақпен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, оны ратификациялағанын еске салды. Келіссөздерде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.

«Бүгінде ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі секторларында кеңінен танымал. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін көрсетеді. Біз Орталық Азиядағы ЕО-ның сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз және еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климатты сақтауға ұмтыламыз», – деп атап өтті президент.

Бұған дейін Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Антониу Коштамен бейресми кездесу өткізгені туралы хабарлаған.