
Ақорда Қазақстан президентінің Еуропалық Одақ лидерлерімен нәтижелі келіссөздер жүргізгенін хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Антониу Кошта және Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасында бірқатар құжаттарға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Авиация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық одақ арасындағы «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» Келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, «Air Astana» АҚ пен «Airbus» компаниясы арасында 50-ге дейін әуе кемесіне тапсырыс беру туралы салтанатты қол қою рәсімі рәсімделді.
Көлік саласында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын құруға грант бөлу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тағы бір құжат – Еуропалық инвестициялық банк пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасындағы меморандум – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бағытына кіретін автомобиль жолдарын қалпына келтіру бойынша жобаларды қаржыландыруға қатысты.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі минералдар мен металдар саласындағы Озық тәжірибе орталығын құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу туралы меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев пен ЕО лидерлерінің келіссөздер қорытындысы жария болған еді.