Жаңалықтар

Дастан Сәтбаев Қазақстанның ең қымбат футболшысы атанды

Дастан Сәтбаев
Дастан Сәтбаев Қазақстанның ең қымбат футболшысы атанды / фото: fckairat

Әлемдік Transfermarket порталы футболшылардың бағасын жаңартты. Қазақстандық кейбір жас таланттардың бағасы өссе, енді бірқатар легионерлердің нарықтағы құны төмендеген.

Алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың трансферлік құны бірден 500 мың еуроға өсіп, 3,5 млн еуроға жетті. Айта кетейік, Дастан Сәтбаев «Қайрат» сапында соңғы ойының өткізіп, жақын арада лондондық «Челси» клубына аттанады.

Бағасы өскен футболшылар

Нарықтағы бағасы шарықтаған футболшы – «Астананың» жартылай қорғаушысы Мақсат Әбіраев. Оның құны бірден 800 мың еуроға қымбаттап, алғаш рет 1 млн еуроға жетті.

Сондай-ақ келесі ойыншылардың да көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды:

  • Иван Башич («Астана») – 300 мың еуро қосып, 1,5 млн еуроға бағаланды.
  • Әлібек Қасым («Астана») – қорғаушы өз позициясын нығайтып, құны 850 мың еуроға өсті.

«Қайрат» сапында қымбаттаған ойыншылар:

  • Темирлан Анарбеков: 400 мыңнан 800 мың еуроға
  • Азамат Тұяқбаев: 150 мыңнан 400 мың еуроға
  • Александр Мрынский: 400 мыңнан 600 мың еуроға
  • Ойва Юккола: 700 мың еуро
  • Жоржиньо: 1 млн еуро

Дегенмен «Қайраттың» жартылай қорғаушылары Дан Глейзер (600 мың еуроға дейін) мен Дамир Қасаболат (500 мың еуроға дейін) және «Астана» қорғаушылары Кипрас Кажуколовас (600 мың еуроға дейін) пен Карло Бартолецтің (500 мың еуроға дейін) де нарықтық көрсеткіштері төмендеді.

Клубтар рейтингі: Көш басында кім?

Осы жаңартулардан кейін де «Қайрат» Қазақстан Премьер-Лигасындағы ең қымбат құрамға ие клуб мәртебесін сақтап қалды. Оған «Ордабасы» ойыншыларының жалпы құнының айтарлықтай өскені де кедергі бола алмады.

Дегенмен осы жазда Дастан Сәтбаев ресми түрде «Челсиге» ауысқаннан кейін, чемпионаттағы ең қымбат командалар рейтингіндегі күштер тепе-теңдігі түбегейлі өзгеруі мүмкін.