
Таразда 19 жастағы бойжеткенді некеге тұруға мәжбүрлеу ісі бойынша Алматы облысының үш тұрғынына үкім шықты, деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.
Қылмыс 2025 жылдың қазан айында болған. Прокуратураның мәліметінше, жәбірленуші сотталушылардың бірімен бес жылдан астам уақыт бойы тығыз қарым-қатынаста болған, бірақ оған тұрмысқа шығудан бас тартқан. Ер адам қылмысқа баруды ұйғарып, бұған таныстарын тартқан. Тергеу анықтағандай, үш ер адам жәбірленушінің қарсылық көрсеткеніне қарамастан, оны тапа-тал түсте алып қашқан.
Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы, 2-бөлігі, 1 және 4-тармақтары «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен, зорлық-зомбылық қолдана отырып, некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша жүргізілді.
Тараз қаласының №2 соты айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Әрқайсысына үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Шартты мерзім кезінде сот адамды кінәлі деп таниды, бірақ оны жазасын өтеуге (түрмеге) жібермейді.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан 25 жастағы ер адам мен оның екі танысына сот үкімі шыққанын жазған едік.