
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Тоқаев Ақордада арнайы жиын өткізіп, журналистерді құттықтады. Президент ұзақ жылдан бері телевизия саласында жұмыс істеген ардагер қызметкерлерді атап өтіп, кейбірін мемлекеттік наградаға ұсынды.
Соның ішінде қазақ тілінде тұңғыш эфирде жүргізген диктор Зұлқия Жұматова бар. Бүгінде 106-ға келген ардагерге «Құрмет» ордені табысталды. Сондай-ақ мемлекет басшысы бүгін қатарда жүрген тәжірибелі мамандарды ерекше атап өтті.
«Қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді, – деді ол.
Тоқаевтың тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталатын болды. Жалпы осы жылы 66 маман баспаналы болмақ. Ал соңғы үш жылда 200 тілші, медиа мамандары мемлекеттен үй алған.
22 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай президент атынан 60 пәтердің кілті табысталған еді. Мәдениет саласы қызметкерлеріне 13 мемлекеттік награда берілді.