Жаңалықтар

Қазақстанның екі қаласында терроризмге қарсы күрес оқу-жаттығулары өтеді

Террор, ҰҚК
Қазақстанның екі қаласында терроризмге қарсы күрес оқу-жаттығулары өтеді / Фото: Антитеррористік орталық

Курчатов пен Балқашта антитеррористік оқу-жаттығулар өтеді, деп хабарлады Абай және Қарағанды облыстарының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары.

Курчатовта оқу-жаттығулар 26 маусым күні сағат 08:00-ге жоспарланған. Оны қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб өткізеді. Шараның мақсаты – құқық қорғау және арнайы органдардың күштері мен құралдарының ықтимал террористік қатерлерге әрекет ету дайындығын тексеру. Оқу-жаттығулар өтетін нысандар аймағында шектеу шаралары қарастырылады.

Балқашта антитеррористік оқу-жаттығу 25 маусымда сағат 22:00-ден 02:00-ге дейінгі аралықта №12 мектеп аумағында өтеді. Бұл уақытта қалада автокөлік қозғалысы мен азаматтардың жүріс-тұрысына уақытша шектеулер қойылуы мүмкін.

Ұйымдастырушылар тұрғындарды сабырлық сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәліметтер таратпауға шақырды.

Бұған дейін бірнеше жыл бойы терроризм әрекеті туралы жалған ақпарат таратып келген 4 жасөспірімнің ісі туралы жазған едік. Нақты қандай әрекетке барғаны жарияланған жоқ. Бірақ ҰҚК мәліметінше, олардың Астана, Шымкент, Атырау, Тараз, Ақтау және Алматы облысында 20-дан астам дерекке қатысы бары анықталды.