
Қазақстан Еуропадан келген босқындарды қабылдамайды, ондай келіссөздер де жүріп жатқан жоқ. СІМ өкілі Ерлан Жетібаев осылай деп мәлімдеді.
«Қазақстан тарапы Еуропалық Одақпен немесе оған мүше мемлекеттермен ел аумағында ҚР азаматы болып табылмайтын және еуропалық мемлекеттерден қайтарылуға немесе депортациялануға тиіс тұлғаларды қабылдау, ұстау, транзиттеу немесе орналастыру орталықтарын құру бойынша келіссөздер жүргізген жоқ», – деп атап өтті ол бүгін өткен брифингте.
Қазір Қазақстан мен Еуропа виза жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, бірақ бұл Қазақстан аумағына өзге елдерден депортацияланған азаматтарды кіргізе береді деген сөз емес және ондай міндеттеме де алмайды. СІМ өкілі осылай түсіндіреді.
«Қазақстандықтар үшін Еуропаға виза алуды жеңілдету мәселесі мен Еуропадан қуылған заңсыз мигранттарды кері қабылдау мәселесі – заң жүзінде бір-біріне еш қатысы жоқ, мүлдем екі бөлек тақырып. Сондықтан ертең Еуроодақ біздің азаматтарға виза режимін жеңілдету туралы келіссөз бастаса, бұл Қазақстан өз аумағында басқа елдің азаматтарын, яғни Еуропадан депортацияланған босқындарды орналастыруға міндетті дегенді білдірмейді», – деді Ерлан Жетібаев.
Осыған дейін қазақстандық және халықаралық басылымдарда ЕО Қазақстан мен Өзбекстанға босқындарды жібереді деген сыңайда материалдар жарияланған. Редакция дереккөз ретінде Politico басылымын көрсетеді. Онда жазылғандай еуропалық шенеуніктер Қазақстан мен Өзбекстанда арнайы орталықтар құрып, мигранттарды жіберуді ойлап жатқан көрінеді. Бұл жоба авторлары ретінде Нидерланды, Аустрия, Дания, Германия және Грецияны атаған.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан мен ЕО Шенген визасы бойынша келіссөздердің мәресіне жетті