
Полиция қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысында құрамында алтыны бар шикізат пен алтынның өзін заңсыз өндірумен айналысқан топты әшкереледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жедел іс-шараларды жүргізу барысында құқыққа қайшы схеманы ұйымдастырған 63 адам, сондай-ақ өңір аумағында заңсыз қызметпен айналысқан 13 шетел азаматы ұсталды.
«Жүргізілген тінту шаралары нәтижесінде бірнеше автокөлік пен арнайы техника, ірі көлемдегі қаражат, оның ішінде 40 мың доллардан астам қаржы, құрамында алтыны бар шикізат пен алтын, сондай-ақ заңсыз қызметті растайтын құжаттар мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді», – деп хабарлады полиция.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірген. Жүргізілген сараптама экологияға қанша зиян келгенін анықтайды.
Заңсыз алтын сату мен қоршаған ортаға залал келтіруге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Бұған дейін полиция қызметкерлері қазақстандықтарды QR-кодтарды сканерлеу кезінде сақ болуға шақырды. Себебі, алаяқтар дәл осы схеманы пайдаланып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолданып жүр.