Жаңалықтар

Әлемдегі ең қуатты телескоп 10 жылдық ғарыштық түсірілімді бастады

Фото: rubinobservatory.org бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев
Фото: rubinobservatory.org бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Чилидегі Вера К. Рубин обсерваториясы түнгі аспанды 10 жыл бойы үздіксіз бақылайтын ауқымды ғылыми жобаны іске қосты.

Science ақпаратына қарағанда, обсерватория бірнеше түн сайын Чили тауынан көрінетін аспанның бүкіл бөлігін әлемдегі ең ірі цифрлық камераның көмегімен түсіріп, осы процесті он жыл бойы қайталайды. Жоба барысында астероидтар, жарылып жатқан жұлдыздар, алыстағы галактикалардың өзгерістері және басқа да ғарыш құбылыстары тіркеледі.

Ғалымдардың айтуынша, телескоптың алғашқы жұмыс жылының өзінде жиналатын деректер көлемі бұрынғы барлық оптикалық телескоптардың мәліметтерінен асып түседі.

Құны 800 миллион доллар болатын телескоптың 8,4 метрлік айнасы және 3200 мегапиксельді алып камерасы бар. Ол бір түнде 1000-ға дейін сурет түсіріп, шамамен 20 терабайт дерек жинай алады.

Жиналған мәліметтер әлемнің түкпір-түкпіріндегі астрономдарға жіберіліп, ғаламды зерттеуге пайдаланылмақ.

21 сәуір күні NASA-ның Goddard Space Flight Center орталығында жаратылыс құпиясын ашатын жаңа телескоп таныстырылды.