Жаңалықтар

Қазақстанда психологтар тіркеуге тұрады: Президент заңға қол қойды

Тоқаев
Қазақстанда психологтар тіркеуге тұрады / Фото: Ақорда, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Осыған дейін жария болған ақпаратқа сүйенсек, негізгі мақсат – Қазақстанда психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық және әдептік негіздерін қамтамасыз ету.

Енді психологтардың:

  • жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе медициналық білімі болуы;
  • жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 900 сағаттық қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін растауы;
  • мемлекеттік тіркеуге тұруы тиіс.

Заңда психологтардың мемлекеттік тізілімін құру көзделген. Кәсіби біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган мамандарды тіркеу тәртібін бекітетін болады.

Құжатқа сәйкес, психологтарға медициналық диагностика жүргізуге және дәрі-дәрмекпен емдеуді тағайындауға, психобелсенді заттарды немесе санаға әсер ететін өзге де психобелсенді әдістерді қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ мамандарға ата-анасының хабардар етілген келісімінсіз кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге болмайды. Бұл норма білім беру ұйымдарының жұмысына, көмек заңнамаға сәйкес көрсетілетін төтенше немесе дағдарыстық жағдайларға қатысты емес.

Кез келген психологиялық жұмыстың алдында клиенттер хабардар етілген келісімін беруі керек.

Талаптарды бұзғаны үшін психологтарға айыппұл салынады.