Health

Салмақ тастау үшін күніне қанша су ішу керек

Фото: Shutterstock

Күнделікті жеткілікті мөлшерде су ішу салмақ тастау процесін жеделдетуге көмектеседі. Бұл туралы Бангалорлық диетолог Сушма Джайсвал айтып берді. Бұл туралы Kursiv.media Gloucestershire Live дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, ересек адамға күніне 6-8 стақан су ішу ұсынылады. Алайда диетолог Сушма Джайсвалдың айтуынша, салмақ тастау үшін бұл мөлшер жеткіліксіз болуы мүмкін.

«Зерттеулер көрсеткендей, ер адамдарға күніне 12-13 стақан, ал әйелдерге 8-9 стақан су ішкен тиімді. Әсіресе тамақтанар алдында 1-2 стақан су ішу тәбетті айтарлықтай төмендетіп, артық салмақтан арылуға көмектеседі», – дейді маман.

Судың құрамында калория болмайды. Сондай-ақ зат алмасуды жеделдетіп, тамақтанар алдында ішкен жағдайда аштық сезімін азайтуға көмектеседі. Бұған қоса, су тәтті сусындардың орнын басып, қант пен артық калорияны аз тұтынуға ықпал етеді.

Диетологтың айтуынша, тамақ алдында су ішу тоқтық сезімін тудырады. Соның нәтижесінде адам тамақты азырақ жейді. Medical News Today басылымы ұсынған мәліметке сенсек, асқазанның толуы миға тамақтануды тоқтату туралы белгі береді.

Сонымен қатар су тағамнан түсетін және ағзада жиналған майларды ыдырату процесіне қатысады. Бұл артық тамақтанудың алдын алып, салмақты азайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек, кейде адам аштық деп қабылдайтын сезім, шын мәнінде, ағзадағы сұйықтықтың азаюынан болуы мүмкін. Мұндай жағдайда аздап әлденіп алғанша, бір стақан су ішу жеткілікті.

«Тамақтанар алдында екі стақан су ішетін адамдардың салмағы тезірек әрі тиімдірек төмендейді. Су қоректік заттарды ағзадағы барлық жасушаға жеткізеді. Сондықтан ол салмақ тастау процесінің маңызды бөлігі саналады», – дейді Сушма Джайсвал.

Қарапайым су ішуді ұнатпайтын адамдарға диетолог суға аздап лимон шырынын, жидектер немесе шамбала тұқымын қосуды ұсынды.

Соңғы жылдары суды көбірек тұтыну мен салмақтың төмендеуі арасында байланыс бар екенін дәлелдейтін ғылыми зерттеулер көбейіп келеді.

Journal of Natural Science, Biology and Medicine журналында жарияланған зерттеуде артық салмағы бар 50 әйел тамақтанудан жарты сағат бұрын 500 мл су ішкен. Сегіз аптадан кейін қатысушылардың дене салмағы, ағзадағы май үлесі және дене салмағының индексі (ДСИ) төмендеп, аштық сезімі де азайған.

Ал Acta Physiologica журналында жарияланған тағы бір зерттеу бөлме температурасындағы немесе салқын 500 мл су ішкеннен кейін қатысушылардың энергия жұмсауы келесі 90 минут ішінде 2-3 пайызға артқанын көрсетті.

Сонымен қатар су ағзадан зиянды заттар мен зат алмасу қалдықтарының шығуына ықпал етеді. Соның нәтижесінде ісіну мен іштің кебуі азайып, бел өлшемінің кішіреюіне де әсер етуі мүмкін.

Еске салсақ, осыған дейін артық салмақтан арылуға көмектесетін жеміс жайлы жазған едік.