
Кейінгі екі тәулікте Қазақстаннан шетелге 3 тонна жанар-жағармай шығару әрекетіне жол берілмеді. Жарты жылда 40 мың литрден астам мұнай өнімін шекарадан заңсыз өткізбек болған. Мәліметтер үкіметтің сенбідегі жиналысында айтылды.
Қор жеткілікті, бірақ…
Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен жиналыста жанар-жағармайдың ішкі нарығындағы жағдайды бақылау, мұнай өнімдерін елден заңсыз шығаруға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі мұнай өңдеу зауыттары жоспарға сай тәртіппен жұмыс істеп жатқанын айтты. Бензин, дизель отыны, авиаотын қоры ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етеді. Министрлік жанар-жағармай өндіру және жеткізу жағдайын бақылауда ұстайды.
Дегенмен мұнай өнімдерін республика аумағынан шығару әрекеті тыйылмай отыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автомобиль өткізу пункттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын 593 мұнай өнімдерін әкету әрекеті тоқтатылған. Заңсыз әрекетке жол бермеу үшін шекарада бақылау күшейтілді. Тиянақты тексеру жүргізу үшін қосымша қызметкерлер қабылданды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтің айтуынша, шекара маңындағы күре жолдарда автоцистерналар мен бензин тасығыштар тексеріледі. Шенеунік дерегінше, кейінгі екі тәулікте өткізу пункттерінде қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам жанармай әкетудің 61 әрекеті тоқтатылды.
Мұнай зауыттары тексеріледі
Қазір мемлекеттік кірістер органдары 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Өйткені олардың қызметі күмән туғызған. Аталған субъектілерге қатысты тиісті тексеру іс-шаралары жүргізіледі.
Жиналыс аяғында Бектенов мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті. Премьер мемлекеттік органдарға жағдайды күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды, делінген ресми мәліметте.
Ресейдегі бензин дағдарысы аймақ елдерінің жанар-жағармай саласына кері әсер етіп жатыр. Федерация ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстанда да жанармай қымбаттаған. Маусымның аяғында Мәскеу Қазақстаннан 50 мың тонна бензин сұрағаны мәлім болды. Қырғыз үкіметі де Астанадан мұнай өнімдерін сұрап отыр.