
4 шілдеде ондаған мың адам Тегерандағы ашық аспан астындағы үлкен діни кешенге жиналды. Олар Иранның бұрынғы жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи сүйегі салынған табытты көруге келді.
Иранды 37 жыл билеген Әли Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштерінің Тегерандағы резиденцияға соққысынан қаза тапты. Көсем енді ғана жерленеді. Аятолламен қоштасу жеті күнге созылады.
Марқұммен қоштасу жұма күні басталған. Бірақ Имам Хомейни Мусалла атындағы орталық мешітке қойылған табытты діни қайраткерлер мен ғалымдар, шетелден келген қонақтар ғана көре алды. Ал қарапайым мұсылман аятолланы соңғы мәрте көруге сенбі күні мүмкіндік алды.
Тегерандағы ашық аспан астындағы ірі кешенге қара киген ондағы мың адам жиналды. Олардың көбі Хаменеи суретін ұстап жүр.

«Мен оны әкемнен артық жақсы көрдім. Әкемді тағы жоғалтандай күй кештім. Мен жетім қалдым. Жүрегім қанжылайды», – дейді 30 жастағы Нафисе Садат Садри есімді әйел CNN телеарнасына.
Тегеран халқы аятолланы 6 шілдеде ақтық сапарға шығарып салады. Орталық көшелерде ауқымды шеру ұйымдастырылады. Ол күні Иран астанасында әуе кеңістігі жабылады.
Жаназа рәсімі 7 шілдеде Иранның діни орталығы – Құм қаласында жалғасады. 8 шілдеде мәйіт Наджаф және Кербала қалаларына жеткізіледі.
Хаменеи 9 шілдеде жерленеді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі аятолла туған Мешхед қаласында өтеді. Оның сүйегі Имам Реза кесенесінің аумағына қойылады. Мешхедтегі ауқымды діни ғұрыпқа 10 миллионға дейін адам жиналуы мүмкін.
Аятолла Әли Хаменеи билікке 1989 жылғы маусымда келді. Рухани көсемнің билігі 2026 жылғы 28 ақпанда аяқталды. Сол күні АҚШ және Израиль күштері Тегерандағы резиденцияға әуеден соққы жасап, 86 жастағы аятолла қаза тапты.