Жаңалықтар

Павлодарда ер адам автокөлікпен бағанға соғылып қайтыс болды

Полиция
Павлодарда ер адам автокөлікпен бағанға соғылып қаза болды / Фото: ІІМ

Павлодарда 32 жастағы ер адам автокөлікпен көшедеге бағанға соғылып, оқиға орнында қайтыс болды. Дәрігерлердің мәліметінше, шақырту таңғы сағат 6-ға таман түскен.

Жол апаты Назарбаев және Жаяу Мұса көшелерінің қиылысында болған. Полиция алдын ала мәлімет бойынша Geely Emgrand автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, трамвай бағанына соғылған.

«Geely Emgrand автокөлігінің жүргізушісі қаза тапқан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», – деп хабарлады Павлодар облысының ПД.

Еске салайық, 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында жол апаты болды.  Audi 100 мен қарама-қарсы бағытқа шыққан Haval машиналары соқтығысқан. Audi көлігінде отырған жүргізуші, жұбайы және олардың үлкен қызы, жиырма жастағы келіншек сол жерде қайтыс болды. Одан бөлек көлікте 14 және 18 жастағы екі бала және келіншектің 10 айлық сәбиі де отырған. Олар да түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Ал 24 маусымда марқұмдар жер қойнауына тапсырылды.