Жаңалықтар

Венесуэла: зілзаладан 3685 адам қаза тапты, із-түссіз жоғалғандар саны белгісіз

Венесуэланың Ла-Гуайра қаласындағы көрініс
Ла-Гуайра қаласындағы жағдай / фото: REUTERS/Gaby Oraa

Венесуэла билігі екі апта бұрынғы жойқын жер сілкінісінен кем дегенде 3685 адам қаза тауып, 16 740 адам жараланғанын жариялады. Алайда ресми Каракас із-түссіз жоғалғандар санын айтпай отыр.

Венесуэланың Ла-Гуайра штатындағы тауларда жұмысшылар ұзын арық қазды. Мұнда 25 маусымдағы 7,5 балдық жойқын зілзаладан қаза тапқан жүздеген адам жерленеді.

CNN тілшілері зират маңында жұмысты бақылады. Телеарна тілшісінің мәліметінше, мұнда жерленген адамдардың бірқатарының кім екені анықталмаған.

Жұмысшылардың бірінің айтуынша, елдегі төтенше жағдайға байланысты мұнда шамамен 500 жаңа көр қазылған. Аты-жөні анықталмаған тағы 150 орынға жер алынған.

Венесуэладағы зират
Ла-Гуайра қаласындағы зират / фото: REUTERS/Adriano Machado

Reuters агенттігінің суреттерінен қаз-қатар қазылған арықтарға жүздеген табыт салынғанын көруге болады.

Үкіметтің соңғы мәліметінше, зілзаладан кем дегенде 3685 адам қаза тапқан. 18 мыңға жуық адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Көптеген отбасы жақындары табылып қала ма деп үміттенеді. Биліктің сейсенбідегі есебінде қанша адам із-түссіз жоғалғаны туралы мәлімет жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда таңертең Латын Америкасындағы Венесуэлада екі жойқын зілзала болды. Шетелден мыңдаған құтқарушы осы елге көмектесуге барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен елдің халқына көңіл айтты