
«Freedom Кино мен ТВ» компаниясы өз өндірісінен шыққан, супер қаһармандар туралы алғашқы қазақстандық «Toxic» сериалының ресми тизерін ұсынды. Жобаның премьерасы 2026 жылдың күзіне жоспарланған.
«Toxic» не туралы?
Сериал отандық кино нарығында бұрын-соңды болмаған мүлдем жаңа жанрды ашпақ. Туынды күтпеген жерден ерекше қасиетке ие болған қарапайым жігіттің тағдыры мен оның күнделікті таңдаулары туралы баяндайды.
Басты кейіпкер – Фархат есімді қарапайым жас жігіт. Оның өмірі кездейсоқ оқиғадан кейін күрт өзгереді: енді әрбір жаңа күн оған жаңа суперқабілет сыйлайды. Алайда шексіз күшпен бірге үлкен жауапкершілік те келеді. Фархат өз бойындағы күшті басқаруды үйреніп, нағыз батыр болудың не екенін түсінуі керек.
Жобаның ерекшелігі мен актерлік құрам
Сериал шытырман оқиға (экшен), драма, әзіл мен заманауи визуалды эффектілерді біріктірген. Жоба авторлары көрерменге супербатырлар жанрының қазақстандық нұсқасын жаңа қырынан көрсетуге уәде беріп отыр.
Басты рөлдерде: Алмаз Мержақыпов, Бекайдар Қадыркей, Аделина Ералиева, Аида Құрманғалиева, Азамат Сатыбалды, Нұрай Жеткерген. Түсірілім тобы: идея авторы – Әлішер Утев, қоюшы режиссер – Айтөре Жолдасқали, қосалқы режиссер – Олжас Баянов.
«Toxic» сериалының алғашқы тизерін қазірдің өзінде Freedom Кино мен ТВ платформасының ресми парақшаларынан тамашалауға болады.
Айта кетейік, осыған дейін 6 шілде күні Freedom Кино мен ТВ платформасында отандық спорт сүйер қауым тағатсыздана күткен «Қайрат ФК» деректі сериалы жарыққа шыққан еді.