Жаңалықтар

«Әділет» партиясына өтпеген Еділ Жаңбыршин енді еркін екенін меңзеді

фото: Еділ Жаңбыршиннің инстаграм парақшасынан

Соңғы бес жылда мәжіліс депутаты болған Еділ Жаңбыршин «Әділет» партиясының құрамына өтпеді. Партия атынан Құрылтай сайлауына түсуге ұсынған үміткерлер тізіміне де енбеді. Бірақ экс-депутат оған аса қатты қайғырмаған тәрізді.

Ол фейсбук парақшасына енді еркін екенін меңзеген ерекше жазба қалдырды. Жаңбыршин жазбасында Мигель де Сервантестің әйгілі «Дон Кихот» шығармасынан үзінді келтірген.

«Еркіндік, Санчо – адамға Жаратқанның берген ең қымбат сыйларының бірі. Онымен жердің қойнауындағы да, теңіздің түбіндегі де ешбір қазына теңесе алмайды. Еркіндік үшін де, ар-намыс үшін де адам қажет болса өмірін қатерге тігуі тиіс. Ал құлдық – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет», – деп жазды экс-мәжілісмен

Оның жазбасына тағы бір экс-аманаттық Самат Нұртаза да партия қатарына өтпегенін меңзеп, «бізде еркіндік қыраны болдық» деген пікір қалдырған.

Жаңбыршин мәжілістегі ең белсенді депутаттардың бірі болды. Ол мінберден лудомания, вейп, фонограмма, ЛГБТ насихатына қатысты бірнеше заң жобаларын таныстырған.

Еске салайық,  кеше Астанада өткен кезектен тыс III съезінде «Әділет» партиясы 186 кандидаттан тұратын сайлау тізімін бекітті. Олардың қатарында заңгерлер, тіл мамандары, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер бар. Бұрынғы «Аманат» партиясының 20 депутаты ғана «Әділет» тізіміне енген.