
Алматы дәрігерлері жүктіліктің соңғы апталарында жүрген әйелге шұғыл түрде ота жасап, әйелден 5,1 келі болатын алып ісікті алды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығына жүктіліктің 35-аптасында қағанақ суы мерзімінен бұрын кеткен 40 жастағы әйел шұғыл түрде жеткізілген.
Тексеру барысында дәрігерлер ұрықтың өміріне қауіп төндіретін қан айналымының бұзылуын анықтаған. Осыған байланысты шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды.
«Операция кезінде мамандар көлемі 20×25 сантиметр болатын алып миоманы анықтады. Жағдай айқын жабысқақ үдеріспен күрделене түскен. Ішек жатырға тығыз жабысып қалған», – деп атап өтті дәрігерлер.
Дәрігерлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында сәбиді аман-есен дүниеге әкеліп қана қоймай, пациенттің жатыры мен репродуктивтік функциясын сақтай отырып, салмағы 5,1 келі болатын алып ісікті де алып тастауға мүмкіндік туды. Бұл әйелге болашақта қайтадан ана атануға мүмкіндік береді.
Салмағы 2,2 келі болатын шала туған ұл бала реанимация бөлімшесі мамандарының бақылауында болды. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында оның жағдайы тұрақтанған.
Қазіргі кезде ана мен сәбидің жағдайы жақсы, олар үйлеріне шығарылды.