
Shin-Line балмұздақтары Қытай, Сауд Арабиясы және ТМД елдеріне экспортталады. Өткен жылы рекордтық көлемде 15 мың тонна балмұздақ жөнелтілген. Ал Fruit Art пен LST AGRO кәсіпорындарында өндірілетін қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90%-ы Ресейдің ірі сауда желілеріне жіберіледі. Жалпы алғанда Алматы облысында өндірілген өнімдер 61 елге экспортталып жатыр деп хабарлайды облыстық әкімдік.
Өңірдегі 50-ге жуық кәсіпорын тауарларын тұрақты түрде шетелге экспорттайды. Оның ішінде Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгария тәрізді мемлекеттер бар. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 2,1 есе өсіп, 291,7 млн долларға жетті.
Шетелге шығарылатын тауарлардың 60%-дан астамы – ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар. Одан бөлек құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де сыртқы нарыққа шығарылады.
Ауыл шаруашылығы тауарларының ішінде ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындарға сұраныс жоғары. Көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр.
Осы жылдың алғашқы үш айындағы есеп бойынша, жалпы ел экспорты 9,4%-ға өсіп, 18 млрд долларды құрады. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлар көлемі де өскен.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда балмұздақ өндірісі артып экспорт көлемі де ұлғайып келеді