
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы орман өрті аймағында өткінші жаңбыр жауды.
Жедел штабтың мәліметінше, өрт болған жерде жауын-шашын байқалды, ал «Қазгидромет» болжамы бойынша түнде де жаңбыр күтілуде. Мамандар бұл жалынның таралуын тежеуге септігін тигізіп, өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетеді деп есептейді.
«Сағат 22:00-дегі жағдай бойынша өртті жоюға 623 адам, 169 бірлік жерүсті техникасы мен жеті тікұшақ жұмылдырылды. Авиация су төгу құрылғыларымен 154 рет су төгіп, өрт ошағына 291 тонна су жеткізді. Қараңғы түсуіне байланысты су төгу құрылғылары бар тікұшақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды», – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Болжамдар мен авиация жұмысының тоқтатылғанына қарамастан, жерүсті техникасы мен өрт сөндірушілер өртпен тәулік бойы күресуді жалғастыруда.

Еске сала кетейік, «Семей орманы» резерватындағы өрт 16 шілдеде тұтанды. Өртпен күресу үшін мұнда ТЖМ, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігінің, орман мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың және Денсаулық сақтау министрлігінің күштері мен құралдары жиналды.
Бұған дейін оқиға орнына ел премьерінің тапсырмасымен ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келген еді. Олар өрттің ең қауіпті учаскелерін қарап шығып, жедел жағдайды бағалады және жиын өткізді.