Жаңалықтар

NASA телескопы 11 млрд жыл бұрынғы қара құрдымдарды зерттейді

pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

NASA-ның Нэнси Грейс Роман ғарыш телескопы ғалам жаңа жаратылған кезде пайда болған аса ірі қара құрдымдарды анықтауға мүмкіндік береді.

Ғалымдардың пікірінше, бұл олардың қалай пайда болып, қалай өскенін түсінуге жол ашады.

Телескоптың ұшырылуы 2026 жылғы 30 тамызға жоспарланып отыр.

Жұлдыздарды «жұтатын» қара құрдымдар

Қара құрдымдарды зерттеудің ең тиімді жолдарының бірі – олардың жұлдыздарды жұтып жатқан сәтін бақылау. Мұндай құбылыс tidal disruption event (TDE) немесе «толқындық ыдырау» деп аталады. Бұл кезде қара құрдым жұлдызды бөлшектейді. Сол сәтте айналасы қысқа уақыт өте жарық болады. Кейде оның жарығы тұтас галактикадан да асып түседі.

Ғалымдардың айтуынша, дәл осындай құбылыс ірі қара құрдымдарды анықтауға көмектеседі.

11 млрд жыл бұрынғы ғаламға көз жүгіртеді

Жаңа зерттеуге сәйкес, Roman телескопы жарығы Жерге 8–11 млрд жыл бойы жеткен TDE құбылыстарын тіркей алады. Бұл астрономдарға ғаламдағы жұлдыз түзілуі ең жоғары болған кезеңді зерттеуге мүмкіндік береді.

Зерттеу авторлары телескоп жыл сайын 100-ге жуық осындай оқиғаны анықтайды деп болжайды.

Қара құрдымдардың шығу тегі ашылуы мүмкін

Астрономдар қара құрдымдардың пайда болуына қатысты екі негізгі теорияны қарастырады. Біріншісі – олар алып жұлдыздардың жарылуынан пайда болып, кейін бірігу және заттарды жұту арқылы өскен. Екіншісі – қара құрдымдар газ бұлттарының тікелей құлауынан бірден өте үлкен массамен дүниеге келген.

Ғалымдардың пікірінше, Roman телескопы тіркейтін жаңа деректер осы екі теорияның қайсысы шындыққа жақын екенін анықтауға көмектеседі.

Зерттеу нәтижелері The Astrophysical Journal ғылыми журналында жарияланды.

Айта кететін жайт, тіршіліктің астероид арқылы ғарышта таралуы мүмкін екені расталды.