Жаңалықтар

Футболдан Әлем чемпионатының финалдық матчы кейінге қалуы мүмкін

Әлем чемпионатының финалдық матчы кейінге қалуы мүмкін
Әлем чемпионатының финалдық матчы кейінге қалуы мүмкін / фото: FIFA

Канададағы ірі орман өрттеріне байланысты футболдан әлем чемпионатының финалдық кездесуі кейінге қалуы мүмкін. Бұл туралы Аргентиналық «Ole» газеті жазды.

Финалдық матчқа жолдама алған Аргентина мен Испания арасындағы ойын 19 шілдеде, Ист-Ратерфордтағы (Нью-Джерси штаты, АҚШ) «Метлайф» стадионында өтуі тиіс еді.

Алайда өрттен шыққан қою түтін АҚШ-тың солтүстік штаттарына, соның ішінде турнирдің финалдық матчы өтетін Нью-Йорк пен Нью-Джерсиге де жетті. Бұл турнирді тамашалауға келген жанкүйерлердің денсаулығына зиянын тигізеді.

Чикаго билігі кейбір қоғамдық орындарды жауып, ашық аспан астындағы іс-шараларды, соның ішінде «Чикаго Файр» мен «Ванкувер Уайткэпс» командалары арасындағы MLS тұрақты чемпионатының матчын тоқтатқаны хабарланды. Ауаның қатты ластануына байланысты бұл ойын 6 қазанға шегерілді.

Вашингтонда да Канададағы өрттерге байланысты ауа сапасының қауіптілігі бойынша «қызыл» деңгейге енді.

«Әлем чемпионатының финалын кейінге қалдыру ықтималдығы әлі де төмен, бірақ мұндай мүмкіндік жоққа шығарылмайды. Егер ластану деңгейі денсаулыққа қауіп төндіретін болса, Халықаралық футбол федерациясында (ФИФА) іс-шараны өткізуге қатысты өзгерістерді бағалайтын арнайы хаттамалар бар», – деп жазды басылым.

Канадада орман өрттері көбейіп, ел аумағында 800-ден астам белсенді өрт тіркелді. Оның 200-ге жуығы Онтарио провинциясының солтүстігінде шоғырланған.

Айта кетейік, жартылай финалда қарсыластарына есе жіберген Англия мен Франция құрамалары қола медалін өзара сарапқа салады. Екі ел арасындағы матч 19 шілдеге қараған түні, сағат 02:00-де басталады.