Жаңалықтар

TikTok-та жиһаз сатқан алаяқ әйел түрмеге қамалды

фото: ЖИ, Жамбыл соттары
фото: ЖИ, Жамбыл соттары

Жамбыл облысында TikTok арқылы жиһаз сатқан әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Жамбыл соттары мәліметіне қарағанда, ол бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған.

TikTok-тағы «акция» алаяқтық болып шықты

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың сәуірінде сотталушы TikTok әлеуметтік желісінде өзін жиһаз сатушы ретінде таныстырып, диван сататыны туралы жарнама жариялаған.

Хабарландыруды көрген әйел акциямен ұсынылған 60 мың теңгелік диванға қызығушылық танытып, көрсетілген телефон нөміріне хабарласқан.

Ақша да, жиһаз да жоқ

Кейін сатушы диванды жеткізу үшін алдын ала төлем қажет екенін айтып, сатып алушыны 25 мың теңгені үшінші тұлғаның банк шотына аударуға көндірген. Ақша түскеннен кейін жиһаз жеткізілмеген. Ал сатушымен байланыс үзілген.

Өзін алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға арызданған.

Жазадан қорытынды шығармаған

Сот айыпталушының бұған дейін де бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, сондай-ақ бұрынғы жазасынан тиісті қорытынды шығармай, дәл осындай қылмысты қайта жасағанын ескерді.

Нәтижесінде сот азаматша А.-ны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Айта кететін жайт, Жамбыл облысында баласы буллинг жасағаны үшін анасы жауапқа тартылды.