Жаңалықтар

Үкімет көлеңкелі экономикамен күресте жасанды интеллект көмегіне жүгінбек

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Үкіметі 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы жоспарды бекітті. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған бұл құжат 2023-2025 жылдардағы бұрынғы жоспардың орнын басады. Жаңа бастама аясында мемлекет бизнеске әкімшілік қысым түсірмей, цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық бермек.

Көлеңкелі экономиканың үлесі қанша?

Қазақстанда көлеңкелі экономика үлесі 2019 жылғы 23,69%-дан 2024 жылы 16,71%-ға дейін төмендеген еді. Енді заңсыз айналым үлесін 2026 жылы 14,5%, 2027 жылы 14%, ал 2028 жылы 13,8%-ға дейін азайту көзделіп отыр.

Бұл ретте шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 2028 жылға қарай 39%-ға жетуге тиіс. Бүгінде көлеңкелі айналымның басым бөлігі сауда, көлік, денсаулық сақтау, білім беру сияқты қызмет көрсету салаларында және құрылыс секторында сақталып отыр.

Негізгі бес салаға басымдық берілмек

Жаңа жоспар денсаулық сақтау, сауда, білім беру, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты бес негізгі саланы қамтиды. Барлық бақылау шарасы цифрлық құралдар арқылы жүзеге асырылады.

Басты құрал ретінде салық, кеден, еңбек және басқа да жүйелердің басын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Ондағы жасанды интеллект көлеңкелі схемалар мен тәуекелдерді автоматты түрде анықтайды.

Ауыл шаруашылығында өнім мен мал басын өсіруден бастап сатуға дейін толық цифрлық бақылау енгізіледі. Жерді пайдалану ғарыштық мониторинг арқылы тексеріліп, субсидия беру процесі автоматтандырылады. Сауда саласында базарлар мен сауда орталықтары «Е-сауда» платформасына көшіріледі.

Сонымен қатар 2026-2028 жылдар аралығында зергерлік бұйымдар, БАД-тар, дәрі-дәрмек, мұнай өнімдері, азық-түлік және тұрмыстық химия сияқты тауар топтарына кезең-кезеңімен міндетті таңбалау енгізіледі.

Денсаулық сақтау жүйесінде МӘМС базасына жасанды интеллект модулі қосылады. Ол тізімдегі «жалған науқастарды», қайтыс болған азаматтарға жазылған қызметтерді және ойдан шығарылған процедураларды автоматты түрде бұғаттайды.

Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кірістерін айыппұлсыз, автоматты түрде есепке алу үшін салық органдарының жүйелері маркетплейстермен және жеткізу сервистерімен интеграцияланады.

Сонымен бірге негізсіз онлайн-казино сайттары бұғатталып, ғаламтордағы жарнамаларды цифрлық таңбалаудың пилоттық жобасы басталады. Ал экспорттаушыларға қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару процесін ашық ету үшін цифрлық теңге механизмі қолданылады.

Қылмыстық жолмен алыған активтер қайтарылады

Құжатта заңсыз айналымдармен күрестің өзге де межелері белгіленген. Олардың қатарында браконьерлік пен табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудан келетін шығынды 69 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге дейін азайту, нашақорлар санын 15 007-ден 13 181 адамға дейін төмендету және қылмыстық жолмен алынған активтерді қайтару көрсеткішін 33%-ға дейін арттыру міндеттері бар.

Үкімет бекіткен бұл жоспардың орындалуын Қаржы министрлігі үйлестіреді. Жиырмадан астам мемлекеттік орган мен ұйым жыл сайын екі рет атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп отырады. Құжат ресми қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық саясаты күшіне енгеннен кейін көлеңкелі айналымның күшейгенін атап өткен. Оның айтуынша, нақты табысты жасыру мақсатында қолма-қол төлем көлемінің артқаны жөнінде мәліметтер келіп түскен.