
Астана тұрғыны әскери қызмет кезінде жыныстық зорлық көргені туралы жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желіде ақша жинағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Threads-та жалған жазба жариялаған
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айында 23 жастағы жігіт Threads әлеуметтік желісінде анонимді жазба жариялап, әскери қызмет кезінде жыныстық зорлыққа ұшырағанын мәлімдеген.
Ол өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге шығу үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де тіркеген.
Алайда тексеру барысында жарияланған ақпараттың жалған екені анықталды. Сонымен қатар ер адамның ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болған.
Өзгенің банк шотын пайдаланған
Тергеу мәліметінше, күдікті қаражат жинау үшін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Ол жасөспірімді де жаңылыстырған.
ІІМ дерегіне сәйкес, небәрі екі күн ішінде көрсетілген есепшотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.
Сот үкімі
Тергеу барысында ер адам жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындаған.
Оған алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.