Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күрестен 2 млрд теңге үнемдеген

Шегіртке
Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күрестен 2 млрд теңге үнемдеген / Фото: Unsplash

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегіртке тәрізді зиянкестерге қарсы кешенді қорғау іс-шараларының толық аяқталғанын мәлімдеді. Қауіп-қатерді ерте анықтауға көшу және фитосанитариялық қызметті цифрландырудың арқасында елде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануының бірде-бір жағдайына жол берілмеген.

«Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті жүйелі түрде жаңарту, мониторинг құралдарын дамыту және қорғау жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру химиялық өңдеу алаңын 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін немесе 42%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілмеді», – деп сендірді министрлік.

Препараттарды жеткізуден бастап алқаптарды бүркуге дейінгі бірыңғай кешенді сатып алу форматына көшу дұрыс шешім болған. Бұл бар жауапкершілікті қызметті орындаушыға артты.

Науқанның сәтті өтуінің негізгі факторы саланың цифрландырылуы болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты уақыт режимінде фитосанитариялық жағдайды қадағалауға және ошақтарды тіркеуге мүмкіндік беретін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін іске қосты.

Қол жеткізу қиын жерлерде жұмыс істеу үшін мемлекет 103 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алды, ал мамандандырылған бүрку техникасының паркі 427-ден 556 бірлікке дейін ұлғайтылды.

Ведомство шекаралас аумақтардағы жағдайдың тұрақты екенін атап өтті. Шегірткенің трансшекаралық көші-қоны жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық қажетті техника шекара маңындағы аудандарда тұрақты дайындық күйінде кезекшілікте қалады.