
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың пікірінше, Қытай мен Ресей арасындағы кеме қатынасын дамыту – маңызды бағыт.
Yk-news.kz ақпаратына қарағанда, әкім бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесуінде мәлімдеді.
Қытай нарығына шығады
Тараптар сауда-экономикалық және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан Қытайды өңірдің негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады.
«Қонаққа өңірге жасаған сапары үшін алғысымды білдірдім. Шығыс Қазақстан Қытайды маңызды әріптестердің бірі деп санайды. Облыста өндірілетін өнімнің бір бөлігі Қытай нарығына экспортталады. Сондай-ақ туризм саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді әкім.
Кеме қатынасы мен жаңа әуе бағыты талқыланды
Кездесу барысында соңғы уақытта ерекше назар аударылып отырған бастамалардың бірі – Қытай мен Ресей арасындағы көлік-логистикалық дәліз ретінде кеме қатынасын дамыту мәселесі болған.
Бұдан бөлек, тараптар Қытаймен жаңа әуе қатынасын ашу, Майқапшағай ауданында қолданыстағы көпірді жаңғырту немесе жаңа көпір салу жобаларын талқылады.
Әкімнің сөзінше, бұл бастамалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, Қазақстан, Қытай және Ресей арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.