Авто

Қытай көліктері 50 жыл жүре ала ма: өндірушілер жауап берді

Қытай көліктері
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Автокөлік өнеркәсібін дамыту мәселесі туралы брифингте Қытай көліктерінің төзімділігі туралы сұрақ қойылды.

Журналистердің бірі жуырда ғана 50 жылға жуық уақыт бұрын шығарылған «Москвич» көлігін көріп қалғанын айтты. Сөзінше, совет көлігі әлі күнге дейін зауыттан салынған қозғалтқышпен жүреді, еш жері шірімеген. Осыны айта келіп, Қазақстанда құрастырылып жатқан қытай көліктері болашақта осындай жетістігімен мақтана ала ма деген сауал қойды.

«Біз шығарып жатқан Қытай көліктеріне тым құрығанда 10-15 жылдан кейін не болады? Олар өздерінің сенімділігін көрсете ала ма», – деп сұрады журналист.

Сұраққа жауап берген «Astana Motors мотор компаниясы» ЖШС бас директоры Бекнұр Несіпбаев қытай автокөлігі айналасында күмән мен күдік әлі де барын мойындай келе, нарықтағы жаңа ойыншы үшін күмәннің болуы заңды екенін жеткізді.

«Нарыққа Hyundai мен KIA келгенде де осындай күмән болған. Қазір корей көліктері елімізде өте танымал екенін, сапасы дәлелденгенін көріп отырмыз. Жыл сайын Шанхай, Бейжің автокөрмелеріне барғанда қытай автопромына қандай инвестиция сылынып жатқанын көріп отырмыз. Қытайдағы соңғы 10 жылдағы технологиялық секіріс орасан. Әрі біз 10-15 жыл бұрын шығарылған көліктері қиындықсыз жүргенін көріп отырмыз», – деді ол.

Бекнұр Несіпбаев қытай көліктері жыл өткен сайын сапасын дәлелдей беретінін, қазірдің өзінде сатылған жаңа көліктердің жартысынан астамын қытай көліктері құрап отырғанын жеткізді.

«Біз қазірдің өзінде Еуропа нарығы қытай көліктерін алуға дайын екенін көріп отырмыз», – деді ол.

Шынында да маусым айында көп сатылған көліктердің ондығына қытайлық 6 бренд кірген.

Бұған дейін, автокөлік өнеркәсібін дамыту мәселесіне арналған үкімет отырысында елде қытайлық Li Auto, OMODA және JAECOO көліктері шығарыла бастайтыны хабарланған.