Экономика

Мұнай нарығында жаңа рекорд: Brent алты аптада болмаған межеге жетті

Мұнай бағасы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Мұнай бағасы шарықтады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік мұнай нарығында баға қайтадан күрт өсті. 23 шілдедегі сауда барысында Brent маркалы мұнай 2,3%-ға қымбаттап, барреліне 96,27 долларға жетті. Бұл мұнайдың алты аптадағы ең жоғары бағасы.

Алайда 96,27 доллар күннің ресми жабылу бағасы емес, сауда кезінде тіркелген көрсеткіш. Бір күн бұрын Brent мұнайы сауданы 94,07 доллармен аяқтаған еді. Бұл да 11 маусымнан бергі ең жоғары жабылу бағасы болды.

Brent мұнай бағасы онлайн

Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.

Мұнайдың қымбаттауына нарықтағы нақты тапшылықтан бұрын, оны әлемдік нарыққа жеткізу қиындауы мүмкін деген қауіп әсер етті. АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің күшеюі және Таяу Шығыстағы теңіз жолдарына қатысты алаңдаушылық инвесторлардың назарын қайтадан Ормұз бұғазына аударды.

Қызыл теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдар да жағдайды қиындатып отыр. Егер Қызыл теңіз бен Ормұз бұғазындағы тасымал бір уақытта бұзылса, мұнай жеткізу тізбегіне елеулі қысым түсуі ықтимал.

Нарық енді Brent бағасының 100 долларға жетер-жетпесінен бұрын, Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысының қаншалықты тұрақты болатынын бақылап отыр.