Жаңалықтар

Көзі жоқ, мөлдір: «Жын-балықтың» жаңа түрі табылды

Ученые обнаружили прозрачную рыбу-демона без глаз
Фото: Niemiller, M.L., Armbruster, J.W., Sandel, M.W. et al., бильд-редактор: Дастан Шанай

АҚШ биологтары Алабама штатындағы үңгірлердің бірінен бұрын ғылымға белгісіз соқыр балықтың жаңа түрін анықтады.

Ғалымдар оны бейресми түрде «жын-балық» деп атап отыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұл – әлемдегі ең сирек кездесетін балықтардың бірі.

Сирек кездесетін ғылыми жаңалық

Жаңалықты Оберн университетінің зерттеушілері Бобкэт үңгірін зерттеу кезінде ашқан. Ғалымдар соңғы 40 жылға жуық уақыт бойы бұл жерге өте сирек кездесетін Алабама үңгір асшаянын бақылау үшін келіп жүрген. Алайда кезекті экспедиция барысында ұзындығы небәрі бес сантиметрге жетпейтін, жартылай мөлдір балықты кездейсоқ анықтаған.

«Әдетте біз жаңа түрді ашқанда, оның бар екені бұрыннан белгілі ағзалар туралы сөз болады. Бұл жолы жағдай мүлде басқаша болды. Бұл – шын мәнінде өте сирек кездесетін ғылыми жаңалық», – деді зерттеу авторларының бірі Джонатан Армбрустер.

Жер асты суларында өмір сүреді

Жаңа балықтың көзі де, дене пигментациясы да жоқ. Сонымен қатар онда жарықты сезінуге жауап беретін геннің бір бөлігі жоғалған. Ғалымдардың айтуынша, басқа үңгір балықтарынан айырмашылығы, бұл түр жарыққа мүлде реакция бермеуі мүмкін.

Әзірге ғалымдар кездестірген бұл балықтың саны 20-ға жетпейді. Зерттеушілердің болжамынша, ол ұзақ уақыт бойы жер асты суларының терең қабаттарында тіршілік еткен. Жақында ғана жер бетіне жақын аймақтарға шыққан болуы мүмкін.

Ғалымдар бұл жаңалық ерекше үңгір экожүйелерін қорғауға назар аударуға және ғылымға әлі белгісіз басқа да түрлерді анықтауға ықпал етеді деп үміттенеді.

Айта кететін жайт, ғалымдар түнде жарқырайтын түрлі түсті өсімдіктерді жасап шығарды