Жаңалықтар

Ресейдің 32 банкі мен мұнай кемелері ЕуроОдақтың кезекті санкциясына ілікті

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуроодақ елдерінің елшілері Ресейге 21-санкциялар пакетін мақұлдады. Бұл туралы әлеуметтік желіде Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жазды.

«Ресейдің соғыс машинасы нарықтағы баға құбылуынан пайда көрмес үшін мұнай бағасының шегін түзетуді бір жылға тоқтатып отырмыз. Алғаш рет Ресейдің көлеңкелі флотына көмектесетін кемелерді нысанаға алып отырмыз. Оған қоса ресейлік жауынгерлердің ЕО-ға кіруіне ресми түрде тыйым салу үшін маңызды қадам жасадық» ,- деп жазады Урсула.

Келіссөз қорытындысында тараптар мұнай бағасының жоғарғы шегін (барреліне 44,1 доллар) және сұйытылған табиғи газды (СТГ) тасымалдауға қатысты ережелерді бір жылға тоқтата тұруға келіскен. Шектеулер Ресейдің қаржы, энергетика және логистика секторларын қамтиды.

Жаңа пакетті қабылдау кезінде біршама келіспеушілік туындаған болатын. Греция Ресейден үшінші елдерге газ тасымалдауға толық тыйым салу туралы тармаққа қарсы шықты. Ресми Афина бұл арқылы «Ямал СТГ» жобасынан газ тасымалдайтын мемлекеттік компаниясының мүддесін қорғады.

Нәтижесінде, пакеттен толық тыйым салу алып тасталып, биыл 24 ақпанға дейін жасалған келісімшарттарды орындауға рұқсат берілді. Бұл ретте жаңа келісімшарт жасасуға да, ескілерін жаңартуға тыйым салынады.

Санкция аясында алғаш рет Ресейдің «көлеңкелі флотына» көмектесетін кемелерге қарсы шектеулер енгізіледі. Бұл шектеу санкцияны айналып өтіп, Ресей мұнайын тасымалдайтын танкерлерге логистикалық қолдау көрсететін кемелерге қатысты.

Сонымен қатар жаңа пакетке мынадай шектеулер кіреді:

  • 32 ресейлік банк трансшекаралық операциялар жүргізу құқығынан айырылады;
  • Криптокомпаниялар мен мұнай сауда платформалары қара тізімге енгізіледі;
  • Ресей мұнайдың шекті бағасын қайта қарау бір жылға тоқтатылады;
  • Ресей үшін соғысқандардың Еуроодақ аймағына кіруіне ресми түрде тыйым салу шаралары басталды.

Елшілер деңгейіндегі мақұлдаған соң, техникалық жұмыстар аяқталып, ресми бекітіледі. Бұл шешім жақын арада өз күшіне енуі тиіс.

ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Калластың жазуынша, жаңа шектеулер Мәскеудің соғыс экономикасын қолдап тұрған қаржы жүйесі, әскери-өнеркәсіп кешені және энергетика секторына бағытталған. Бұл – соңғы төрт жылдағы ең ірі санкциялар жинағы. Тізімге барлығы 218 жеке және заңды тұлға енгізілген.