Жаңалықтар

АҚШ енгізген жаңа баж салығы экспорттың 95%-ына әсер етпейді – Сауда министрлігі

Казахстан и США
Фото: Shutterstock

Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95%-ына жаңадан енгізілген қосымша кедендік баж салығы әсер етпейді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

24 шілдеден бастап АҚШ Қазақстан тауарларына 12,5% көлемінде қосымша импорттық баж салығын енгізді. Бұл талап АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізіміне енгізілген өнімдерге қатысты емес.

Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін қолданылған 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты күшін жойғанын атап өтті. Сондықтан бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды.

Министрліктің есептеуінше, АҚШ-қа экспортталатын қазақстандық өнімдердің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.

Қазіргі уақытта министрлік қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және тиімді шешімдерге қол жеткізу үшін АҚШ тарапымен келіссөздерді жалғастырып жатыр.

АҚШ қандай шешім қабылдады?

АҚШ 2026 жылғы 24 шілдеден бастап Қазақстанды қосқанда 60 мемлекеттен келетін жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж енгізді.

Вашингтон бұл шешімді мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың халықаралық саудасына қарсы күреспен түсіндірді. Америка тарапының пікірінше, Қазақстанда мұндай тауарлардың импортына толық тыйым салатын тиімді бақылау жүйесі әлі қалыптаспаған.