
Қазақстандық оқушылар әлемнің ең мықты жас математиктері жиналған додада жүлдесіз қалған жоқ. Шанхайда өткен 67-ші Халықаралық математикалық олимпиадада Қазақстан құрамасының алты мүшесі де медаль иеленді.
2026 жылғы халықаралық математика олимпиадасы
Командалық рейтингтің үздік 30 елі. Орындар құрамалардың алты есептен жинаған жалпы ұпайы бойынша анықталды.
Ұлттық құрама жарыс қорытындысында 141 ұпай жинап, 117 елдің арасынан 22-орын алды. Қазақстанның нәтижесі 19-орынды бөліскен Болгария, Германия және Малайзиядан небәрі бір ұпайға төмен болды. Ал 140 ұпай жинаған Словакия мен Тайвань Қазақстаннан кейінгі 23-орынға тұрақтады.
Күміс медаль алған оқушылар
• Тимұр Мұрат – Алматыдағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
• Әли Еркебұланұлы – Алматы қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
• Батырхан Бейганов – Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы.
Қола медаль алған оқушылар
• Ерасыл Алтынбек – Алматы қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
• Марғұлан Шарел – Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
• Әмірлан Аманжолов – Алматыдағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.
Құрамаға кімдер жетекшілік етті?
Қазақстан құрамасына Асылбек Әбдіашымұлы Исахов пен Қанат Қайратұлы Сәтілханов жетекшілік етті.
Асылбек Исахов – Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті. Ал Қанат Сәтілханов халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері.