Экономика

«Өзенмұнайгаздың» шығыны 48 млрд теңгеге жетті

Өзен мұнай газдың шығыны артып келеді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

«Өзенмұнайгаздың» таза шығыны бір жылда 2,3 есе өсті. 2024 жылы компания 20,8 млрд теңге шығынға батса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 48,4 млрд теңгеге жеткен.

2025 жылы компания 5 млн тонна мұнай өндірді. Оның 65%-ы ішкі нарыққа сатылған. Бір тонна мұнайдың бағасы 122,4 мың теңге болды. «ҚазМұнайГаз» тобына кіретін компаниялар арасындағы ең жоғары баға. Соған қарамастан, «Өзенмұнайгаз» пайдаға шыға алмады.

Energy Monitor мәліметінше, ӨМГ пайдалы қазбаларды өндіру салығын жеңілдетілген 2,6% мөлшерлемемен төлейді. Бұл жеңілдік келісімшарттың бүкіл мерзімінде сақталады.

«Өзенмұнайгазда» 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлерге жұмсалатын шығын компанияның жалпы табысының шамамен 30%-ын немесе 245 млрд теңгені құрайды.

Бұған дейін компанияның қаржылық жағдайын жақсартудың бір жолы ретінде ұңғымалардың жөндеусіз жұмыс істеу мерзімін ұзарту ұсынылған еді. Қазір бұл мерзім орта есеппен 90 күн ғана.

«Өзенмұнайгазда» ұңғымаларды жөндейтін 150-ден астам бригада жұмыс істейді. Кейбір қабаттарда мұнай өндіруге арналған құбырларды жылына екі рет ауыстыруға тура келеді.

Алайда өндірістік шығындарды азайтып, жұмысты оңтайландыру қызметкерлер санының қысқаруына әкелуі мүмкін. Ал бұл жұмыс орындары тапшы өңір үшін өте күрделі мәселе.