Жаңалықтар

Зейнетақы жинағын 100% жеке компанияға сеніп тапсыру: кепілдік сақтала ма

Мемлекет кепілдігі сақталады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекет азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына беретін кепілдігін толық көлемде сақтайды. Бұл норма Әлеуметтік кодексте бекітілген және күшінде қала береді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдан бастап тек зейнетақы төлемдерін өтеудің жекелеген тетіктері ғана қайта қаралады. Бұл өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту және азаматтардың өз ақшасын басқару мүмкіндігін кеңейту үшін енгізіліп отыр.

Неліктен мұндай өзгеріс енгізілді?

Жүйе алғаш құрылған кезде зейнетақы активтерін тек мемлекет қана басқарды. Инвестициялық шешімді мемлекет қабылдағандықтан, инфляция мен инвестициялық кіріс арасындағы айырмашылықты өтеу тетігі қарастырылған еді.

Ал қазір заң бойынша азаматтар өз жинағының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлікпен бере алады (бұрын бұл шек 50 пайыз еді).

Тіпті басқарушы компанияны, инвестициялық стратегия мен тәуекел деңгейін салымшының өзі таңдайды. Яғни, таңдау еркіндігі артқан сайын, жүйенің де жұмыс істеу тетігі жетілдіріліп жатыр.

Жинақтың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Ұлттық банк зейнетақы активтерін ақшаны сақтау және ұзақ мерзімде инфляциядан жоғары кіріс алу мақсатында басқаруды жалғастыра береді.

Ал инвестициялық портфельді басқаратын жеке компаниялардың қаржылық тұрақтылығы мен тәжірибесіне қатаң талаптар қойылған. Заң бойынша, егер бұл компаниялар ең төменгі кіріс деңгейін қамтамасыз ете алмаса, жетпеген айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Енгізілетін өзгерістер азаматтарға таңдау еркіндігін беріп, нарықтағы кәсіби ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ал мемлекет ұсынатын басты кепілдіктер өзгеріссіз қалады.

 Осы уақытқа дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, азамат зейнетке шыққан сәтте арадағы айырманы республикалық бюджет өтеп беретін.

Енді реформа шеңберінде мемлекет бұл кепілдіктен бас тартып, барлық инвестициялық тәуекелді салымшылар мен активтерді басқарушы компанияларға артқысы келеді.

Процесс іске асса, бұрынғыдай инфляциялық шығынды бюджеттен субсидиялау тоқтатылмақ.

Экономист Айдархан Құсайынов бастаманы қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін қайта құрудың заңды әрі кезекті кезеңі деп есептеп, әр азаматты «өзіне ғана сенуге» шақырады.