
Алматыда 14 тамызда өтетін Канье Уэсттің (YE) концертіне байланысты «Қайрат» футбол клубының өз матчын Түркістанға ауыстыруы қоғамда үлкен талқы тудырды. Басты сұрақ ойын орнын ауыстырған клубқа қанша өтемақы төленеді және Орталық стадионның табиғи көгалы бұзылмай ма?
Бүгін Қазақстан Баспасөз клубында өткен баспасөз жиынында KursivMedia тілшісінің сұрағына ұйымдастырушы First Media Group компаниясының басқарушы директоры Әлфия Нұрғұмарова жауап берді.
«Тбилисиде 21 күн берілсе, бізде 7-ақ күн»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды іс-шараны дайындау уақыт жағынан өте тығыз өткелі тұр. Өзге елдердің тәжірибесімен салыстырғанда, Алматыдағы Орталық стадионды дайындауға берілген мерзім өте қысқа.
«Мысалы, Тбилисиде дәл осылай стадионды концертке дайындау үшін 21 күн берілген еді. Ал біз Алматыда Орталық стадионды небәрі 7 күнге ғана жалға алып отырмыз. Сол себепті қазір барлық күшімізді салып, жұмысты максималды түрде жедел әрі сапалы жүргізуіміз керек», – деді Әлфия Нұрғұмарова.
«Қайратқа» өтемақы төлене ме?
«Қайрат» футбол клубының ойынын Түркістанға ауыстыруына байланысты ұйымдастырушы тарап туындаған қаржылық және моральдық жауапкершілікті өз мойынына алады.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда клубқа төленетін өтемақы сомасы мен газонды қалпына келтіру шығындары есептеліп жатыр.
«Қазіргі таңда қанша қаржы керек екенін есептеп, барлығын сөйлесіп жатырмыз. Келісімшарт бойынша стадион үшін толықтай біз жауаптымыз, өйткені бұл біздің миссиямыз. Келісімшарт аясында табиғи газонды сақтау, концерттен кейін қайта қалпына келтіру сияқты барлық сұрақ бойынша агроном мамандармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз», – деп толықтырды ол.
Қайрат неге Түркістанға кетті?
Орталық стадионда еурокубоктың маңызды матчы өтуге тиіс болған «Қайрат» ФК концертке дайындық жұмыстары матч күнімен тұспа-тұс келгендіктен, УЕФА-мен келісе отырып, ойынды Түркістандағы «Түркістан Аренаға» ауыстыруға мәжбүр болған еді.
Енді ұйымдастырушылар 7 күннің ішінде әлемдік деңгейдегі сахнаны құрып қана қоймай, концерттен кейін стадионның көгалын футбол клубына аман-есен тапсыруға тиіс.
Айта кетейік, Алматыдағы Канье Уэст концертіне билеттерді Freedom Ticketon сайтынан сатып алуға болады.